Түркістан облысында халықпен кездесулердің қорытындысы: әр бесінші мәселе әлі шешілмеген, әкім орынбасарына жаза қолданылды
Түркістан облысында әкімдердің халықпен есептік кездесулеріне арналған айдарымызды жалғастырамыз. Аталған өңірде облыс әкімі Нұралхан Көшеров 2025 жылы тұрғындармен 17 кездесу өткізген.
Кездесулер барысында ең жиі көтерілген мәселелер – автомобиль жолдарының жағдайы, ауыз сумен қамтамасыз ету, газ және электрмен жабдықтау болды. Барлығы тұрғындар тарапынан 255 мәселе көтеріліп, оның 197-сі шешімін тапқан немесе тиісті түсіндірме берілген (77,3%). Ал 58 мәселе бақылауда қалып, орындалу сатысында (22,7%).
Сондай-ақ Ордабасы ауданында орын алған жағдай ерекше атап өтілді. Онда тиісті бақылау жүргізбегені үшін аудан әкімінің бір орынбасарына қатаң сөгіс жарияланған.
Жалпы, бір жыл ішінде азаматтардан шамамен 89 мың өтініш қаралған. «109» байланыс орталығы арқылы 162 мың өтініш түскен. Облыс әкімі 26 жеке қабылдау өткізіп, 305 тұрғынның мәселесін қараған. Ал әкім орынбасарлары мен аппарат басшысы 52 қабылдау өткізіп, тағы 432 азаматтың өтінішін қарастырған.
Айта кетейік, биыл халықпен кездесулерді өткізу екінші жартыжылдыққа жоспарланған.





