Фото: gov.kz
Біз ел өңірлеріндегі жолдарды жөндеу туралы жарияланымдарды жалғастырамыз. Бұл жолы-Нұралхан Көшеров басқаратын Түркістан облысы.
Түркістан облысында 2026 жылы қай жолдар жөнделетіні, оған қанша қаржы бөлінетіні және жұмыстар қашан аяқталатыны әзірге нақты айтылған жоқ.
Әкімдік жол жөндеу маусымы ауа райына байланысты сәуір-мамыр айларында басталатынын хабарлаған. Алдымен шұңқырларды жамау және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Ал күрделі жөндеу бекітілген жобалар бойынша жүргізіледі.
Алайда жауапта нақты бюджет көрсетілмеген. Қай аудан мен қалада қандай жолдар жөнделетіні туралы толық тізім де жоқ. Жұмыстардың нақты мерзімі де аталмаған.
Әкімдік тек жол саласына бөлінетін қаржы өңірдің инфрақұрылымдық дамуына жұмсалатын шығындардың «айтарлықтай үлесін құрауы мүмкін» деп шектелген. Деректердің бір бөлігі әлі нақтыланып жатқаны айтылған.
Осылайша, Түркістан облысының тұрғындары 2026 жылы қай жолдың жөнделетінін және бұл жұмыстар қашан аяқталатынын әзірге нақты біле алмай отыр.
Бұл ретте облыс әкімі Нұралхан Көшеровке қойылатын басты сұрақ бар: тұрғындар үшін бюджеті, мерзімі және жолдар тізімі көрсетілген нақты жоспар қашан жарияланады?





