Біздің редакция әкімдердің халықпен есептік кездесулері туралы айдарды жалғастырады. Бұл жолы кезекте — Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өткен жылы өткен кездесулер барысында денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, сондай-ақ жолдарды жөндеу, тұрғын үймен қамту және жер учаскелерін беру мәселелері көтерілген.
Жалпы 274 сұрақ келіп түскен, оның 214-і (78%) орындалған. Қалған мәселелер әкімдіктердің бақылауында, жауапкершілік мемлекеттік органдар басшыларына жүктелген. Бұл туралы облыс әкімдігінде хабарлады.
Есептік кездесулерден бөлек, тұрғындар облыс басшылығына «e-Өтініш» жүйесі немесе Азаматтарды қабылдау орталықтары арқылы жүгіне алады. Әлеуметтік желілердегі өтініштер де кері байланыстың қосымша арнасы ретінде қарастырылады.
Биыл кездесулер тамыз бен қараша айлары аралығында өтеді. Облыстың қала және аудан тұрғындарымен барлығы 13 кездесу жоспарланған.





