Хромтау қаласының тұрғыны №1 «Күншуақ» балабақшасының жағдайына шағымданды. Оның айтуынша, мекеме аумағында балалар ойын алаңы жоқ. Ал ғимараттың ішінде ескірген жиһаз бен құрал-жабдықтар қолданылып келеді.
Редакцияның сауалына Ақтөбе облысының білім басқармасы жауап берді. Онда балабақша ғимаратының 1962 жылы салынғаны, ал соңғы күрделі жөндеу 2013–2014 жылдары жүргізілгені айтылды.
Қазіргі уақытта ойын алаңын жаңартуға арналған жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленген. Жоба аясында жаңа ойын жабдықтарын орнату, резеңке жабын төсеу және қоршауларды ауыстыру көзделген.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемеде ағымдағы жөндеу жұмыстарын 2026 жылы жүргізу жоспарланып отыр. 2025 жылға бұл нысанға қаржы қарастырылмаған.
Осы уақытта Хромтау қаласының әкімі сыбайлас жемқорлық ісі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот оған пара алғаны үшін 12 млн теңге көлемінде айыппұл салды.
«Диапазон» басылымының мәліметінше, Сағындық Шабықбаев мердігерден 400 мың теңге алып, оның жұмысын мемлекеттік сатып алу аясында қабылдап беруге уәде еткен. Пара алуға шенеуніктің танысы көмектескен. Екі сотталушы да кінәсін мойындады.