Павлодарда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған үйлердің құрылысы аяқталмай тұр
Фото: freepik
Павлодар қаласының тұрғындары Halyq Press редакциясына бірнеше жылдан бері аяқталмай тұрған тұрғын үйлерге қатысты шағыммен жүгінді. Айтуларынша, ИЖС-1 ықшам ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында ТОО «ДСК Монтаж» компаниясы салып жатқан үйлердің құрылысы ұзақ уақыттан бері бітпей, сатылымға шығарылмай отыр.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың хабарлауынша, аталған үйлерде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда су құбыры тартылған, ал кәріз жүйесін биыл жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ бұл үйлер орталық жылу жүйесіне қосылмайтыны, қатты отынмен жылытылатын пештер орнатылатыны айтылды.
Әкімдік мәліметінше, бұл нысандардың құрылысына бюджеттен жалпы 764,4 млн теңге жұмсалған. Атап айтқанда, мансардалы, ауданы 140 шаршы метр болатын 18 ірі панельді бірпәтерлі үй 335,7 млн теңгеге. Ал ауданы 181,8 шаршы метр болатын тағы 19 осындай үй 428,7 млн теңгеге салынған.
Қала әкімдігінде түсіндіргендей, құрылыс мерзімінің кешігуіне байланысты 2019 жылы ТОО «ДСК Монтаж» компаниясына қарсы сотқа талап арыз берілген. Нәтижесінде 3 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Алайда сот арқылы мердігерді құрылысты толық аяқтауға міндеттеу мүмкін болмаған.
Аталған тұрғын үйлерді 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Отбасы банк» арқылы сатылымға шығару жоспарланып отыр. Бір шаршы метрдің болжамды бағасы – 120 мың теңге.





