Редакция: +7 (701) 160 9439
Присоединяйтесь:

Құжаттар дайын болып, күн жылынғасын ШҚО-да жолдарды жөндеу басталады

Құжаттар дайын болып, күн жылынғасын ШҚО-да жолдарды жөндеу басталады

Фото: @gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында жол жөндеу маусымы күннің жылынуына байланысты басталмақ. Облыс әкімдігінің мәліметінше, толыққанды жөндеу жұмыстары күндіз ауа температурасы +15°C, ал түнде +5°C деңгейінде тұрақтағанда ғана қарқын алады.

Қазіргі таңда ауа райының құбылмалығы жолшыларға жұмысты толық көлемде жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Дегенмен, кейбір аудандарда шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталып кеткен.

Биыл өңірдегі автомобиль жолдарын жөндеуге шамамен 20 млрд теңге бөлу жоспарланған. Жалпы ұзындығы 300 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстарын аяқтау және жалғастыру көзделген.

Сонымен қатар облыста Катонқарағай және Зайсан аудандарында екі әуежайдың құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, бес теміржол вокзалына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Өскемен қаласында биыл 42 көшені жөндеу жоспарланған. Олардың жалпы ұзындығы 52,4 шақырымды құрайды. Бұл мақсатқа 4 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 12 жоба ведомстволық сараптамадан өтуде, ал 30 нысан бойынша конкурс рәсімдері жүргізіліп жатыр.

Ірі жобалардың қатарында Өскемендегі Сәтбаев және Победы даңғылдарындағы көлік айрықтарын салу, Күршім ауданындағы Күршім ауылының айналма жолы, сондай-ақ биыл аяқталуы жоспарланған Осинов асуын қайта жаңғырту жұмыстары бар.

Похожие материалы