Фото: Азамат Сәрсенбаев
Біздің редакция «Halyq сұрауы» айдарын жалғастырады. Біз сұрақтарға келген жауаптарды қалай алдық, сол күйінде жариялаймыз.
Маңғыстау облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Каспий жағалауында аққулар мен үйректердің қырылуына қатысты жолдаған сұрауымызға жауап берді.
Инспекция мәліметінше, 2026 жылғы 10 ақпанда Сайын Шапағатов атындағы ауыл жағалауын мониторингтеу кезінде 9 аққудың өлексесі табылған. Экология департаменті теңіз суынан сынама алған. Екі құстың өлексесі зертханалық талдауға жіберіліп, қалғандары жойылған. Мемлекеттік орган нәтижелердің әзірге дайын емес екенін хабарлады.
Жауапта инспекция «Алека» ЖШС-іне тиесілі құбырды анықтағаны да көрсетілген. Қазір Экология департаменті ағынды сулардың ықтимал төгілуі және тиісті құжаттардың болуы фактісі бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
Ресми дерекке сүйенсек, Маңғыстау облысы аумағында шамамен 20–25 мың аққу мекендейді. Экологтардың айтуынша, өңірде құстардың жаппай қырылуы тіркелмеген.
Біз сұрауды 2026 жылғы 11 ақпанда жолдадық. Жауапты 2026 жылғы 17 ақпанда Маңғыстау аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатовтан алдық.
Жауапты мемлекеттік органдар: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі (министр — Ерлан Нысанбаев), Маңғыстау облысының Экология департаменті.
Маңғыстау облысының әкімдігі. Өңір әкімі — Нұрдәулет Қилыбай.