Сурет: baiterek.gov.kz
2025 жылдың соңында “Бәйтерек” холдингіне Ұлттық инвестициялық холдинг мәртебесі беріліп, атауы өзгертілді. Осыдан кейін брендбук жаңартылып, ребрендинг жұмыстары басталған. Ақпан айында ұлттық компания еншілес және тәуелді ұйымдары үшін жаңа логотиптерді де бекітті.
Алайда холдинг ребрендингке нақты қанша қаражат жұмсалғанын жарияламады. Біздің сауалымызға берген жауабында компания өкілдері “сатып алулар, мердігерлер және жұмыстардың құны туралы ақпарат ашық түрде жарияланады” деп мәлімдеді. Бірақ бұл деректерді ашық дереккөздерден табу мүмкін болмады.
Холдингтің мәліметінше, бұл ребрендинг 2013 жылы құрылғаннан бері алғаш рет жүргізіліп отыр. Компания мұны стратегияның жаңаруы және атаудың өзгеруімен байланыстырған. Сонымен қатар бас офис жаңа айдентиканы әзірлеуге арнайы сатып алу рәсімін өткізбегенін хабарлады.
Ал еншілес және тәуелді ұйымдар ребрендингке қатысты мәселелерді өз бетінше шешіп, шығындарды бекітілген бюджет аясында өтейді. Дегенмен холдинг нақты соманы атаған жоқ.
Біз “Halyq сұрауы” айдарын жалғастырамыз. Төменде “Бәйтерек” холдингінің жауабын толық, қысқартусыз жариялаймыз. Холдинг басшысы — Рустам Қарағойшин. Жауап ұлттық компанияның баспасөз хатшысы Перизат Шакеновадан алынды.





