Фото: gov.kz
Бүгін Сенатта Halyq Press тілшісі өңір тұрғындары мен аграрийлер атынан сиыр етін экспорттауға қойылған шектеуді ұзарту мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Олардың алаңдауынша, тыйым салу салдарынан мал басы азайып, нарықта ет тапшылығы туындауы мүмкін.
Сұраққа Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жауап берді. Оның айтуынша, экспортқа белгіленген 20 мың тонна көлеміндегі лимит жеткілікті және нарықта тапшылық күтілмейді.
«Керісінше, біз ресми экспорттық арналарды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін, егер өз өңдеу зауыты болса, бордақылау алаңдарына қойылатын талапты 5 мың бастан 1 мың басқа дейін төмендетеміз», – деп түсіндірді вице-министр.
Ал өнім бағасына қатысты Сауда министрлігіндегі отырыс барысында ет бағасының өсуі тоқтағаны айтылды. Бұған дейінгі бағаның қымбаттауы экспорт көлемінің артуымен байланысты болған. Алайда ықтимал тәуекелдер үшін нақты кім жауапты екені нақтыланбады.





