Алматының жаңа Бас жоспары: әкімдік Қайрат шағынауданындағы жерлерге тиіспеуге уәде берді
Фото: tengrinews.kz сайтынан
Біздің редакция «Halyq сұраныс» айдарын жалғастырады. Біз сауалдарға берілген жауаптарды еш өзгертпестен саламыз.
Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы Алматы қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізу және Қайрат шағынауданындағы үйлердің ықтимал сүрілуіне қатысты жағдайға түсініктеме берді.
Мекеме мәліметінше, 2030 жылға қарай Алматы халқы 2,75 млн адамға, ал 2040 жылға қарай 3,6 млн адамға дейін өсуі мүмкін. Бас жоспарға енгізілетін түзетулер осы өсімді біркелкі орналастыруды көздейді. Жаңа нысандар бос жатқан аумақтарда салынбақ. Қаланың Первомай және солтүстік-шығыс бөліктері резервтік аймақтар ретінде қарастырылуда.
Басқармада Қайрат шағынауданы аумағын мемлекеттік қажеттілік үшін алып қою жоспарланбағаны атап өтілді. Құрылыс жұмыстарын тек жекеменшік инвесторлар жүргізеді. Ал құрылыс жобаларын іске асыру жер телімдерінің меншік иелерімен келісім жасалған жағдайда ғана мүмкін болады.
Сонымен қатар жауапта қала аумағының шектеулі болуына байланысты басымдық жеке тұрғын үйлер орналасқан аймақтарды кезең-кезеңімен көпқабатты тұрғын үйлермен алмастыруға берілетіні айтылған.
Бұған дейін Қайрат шағынауданының тұрғындары шамамен 300 үйдің сүрілуі және аймақ мәртебесінің Ж1-ден Ж4-ке өзгеруі мүмкін деген қауіп барын хабарлаған еді. Қала тұрғындары заңгер жалдап, түзетулерге қарсы шыққан.
Редакция сауалды 2026 жылғы 5 ақпанда жолдады. Жауап 2026 жылғы 11 ақпанда Алмас Жанбыршы — басқарма басшысынан алынды.
Жауапты мемлекеттік орган: Алматы қаласының әкімдігі.
Қала әкімі — Дархан Сатыбалды.





