Алматыда Абай даңғылын ҮАААЖ-на дейін ұзарту мен BRT құрылысының барысы қандай? Halyq Press жолдар тақырыбындағы сауалдар желісін бастады
Еліміздің өңірлеріндегі жол жөндеу және жаңа жол салу жоспарларына қатысты редакция бірқатар ресми сауал жолдады. Осы үрдісті Алматы қаласынан бастаймыз.
2026 жылы Алматыда көше-жол желісінің 294 шақырымына орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қазір жөнделетін учаскелер тізімі келісу кезеңінен өтіп жатыр. Негізгі жұмыстар конкурс рәсімдері аяқталғаннан кейін, жаз мезгілінде басталады.
Мердігер ұйымдар, жобалардың құны және қаржыландыру көздері туралы мәліметтерді қала әкімдігі мемлекеттік сатып алу порталында жариялауға уәде берді.
Ірі жобаларға тоқталсақ: Абай даңғылын ұзарту жобасы
Қалқамандағы Әуезов көшесінен қала шекарасына дейінгі Абай даңғылының құрылысы 90 пайызға аяқталған. Қазіргі уақытта бұл учаскеде көлік қозғалысы ашық. Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін жоспарланған.
Жалпы 75 жер телімінің 74-і сатып алынған.
Сонымен қатар, Алматы облысының Қарасай ауданындағы Абай көшесінің құрылыс жобасын облыстың коммуналдық меншігінен Алматы қаласының теңгеріміне беру процесі жүріп жатыр.
Райымбек даңғылы бойындағы BRT желісі
Райымбек даңғылы бойымен салынып жатқан BRT желісінің дайындығы 37 пайызды құрайды. Құрылысты осы жылдың қараша айының соңына дейін аяқтау көзделген.
Жол қозғалысына қатысты шектеулер кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл ретте мүмкіндігінше жолақтардың басым бөлігі сақталып, айналма бағыттар ұйымдастырылады.
Қаладағы жол құрылысы мәселесіне Алматы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев жетекшілік етеді. Алматы қаласының әкімі — Дархан Сатыбалды.





