Алматы облысы Бесағаш ауылындағы «Восток» тұрғын үй кешенінің құрылысына қаржы салған азаматтар қаржыларын қайтара алмай жүр. Компания директорының көпшілік алдында берген уәделеріне және сотта жеңіп шыққандарына қарамастан, өзгеріс жоқ.
Олардың адвокаты Нұржан Молдабековтың айтуынша, 2022–2023 жылдары үлескерлердің әрқайсысы 5 млн теңгеден астам бастапқы жарна төлеген. Алайда пәтер кілттері әлі күнге дейін берілмеген. Келісімшартта көрсетілген барлық құрылыс мерзімі өтіп кеткен.
Заңгердің сөзінше, кейіннен құрылыс салушы компанияның рұқсат құжаттары кері қайтарылған. Ал медиациялық келісім орындалмаған.
Айта кетейік, құрылыс компаниясының директоры Алтай Шарабаев салынған қаражатты 25 желтоқсанда қайтарамын деп уәде берген. Алайда сол күні тек бір ғана үлескер ақшасын алған, қалған алтауы әлі де күтуде. Жалпы қарыз көлемі шамамен 65 млн теңгені құрайды.
Молдабековтың айтуынша, үлескерлердің құрылыс компаниясының өкілімен келесі кездесуі 2026 жылдың 5 қаңтарына жоспарланған.
Қазіргі уақытта редакция тиісті мемлекеттік органға ресми сұрау жолдап, жағдайдың одан әрі дамуын бақылауды жалғастырады.





