Редакция: +7 (701) 160 9439
Присоединяйтесь:

Тоқаевтың сынынан кейін Алматы облысының әкімдігі нақты жобалар мен мерзімдерді атаған жоқ

Тоқаевтың сынынан кейін Алматы облысының әкімдігі нақты жобалар мен мерзімдерді атаған жоқ

Алматы облысының әкімдігі редакцияның өңірдің жаңа басшылығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін көтерген мәселелерге қалай жауап бермек екені туралы сауалына жауап берді.

Жауапқа Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы қол қойған. Редакция жаңа басшылық жұмысты қандай мәселелерден бастайтынын, қандай ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар қайта қаралатынын, қайбір кешеуілдеп жатқан нысандарды жеделдету жоспарланғанын және олардың нақты қандай мерзімде аяқталатынын сұраған.

Сондай-ақ электр желілерінің тозуы, электр энергиясы мен су берудегі үзілістер, жол инфрақұрылымы және Қонаев қаласының дамуына қатысты сұрақтар қойылды.

Алайда әкімдік жауабында нақты жобалар, оларды аяқтаудың жаңа мерзімдері немесе қайта қаралып, жеделдетілуі жоспарланған нысандар аталмаған.

Оның орнына әкім орынбасары Алматы облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына сілтеме жасаған. Құжат төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – экономикалық өсім, инвестиция тарту, инфрақұрылым мен адами капиталды дамыту, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру.

Жауаптың едәуір бөлігі қол жеткізілген көрсеткіштерге арналған. Әкімдік мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімі 6,8 трлн теңгені құрап, 9,1%-ға өскен. 2022 жылмен салыстырғанда өңір экономикасы екі есеге ұлғайып, 3,4 трлн теңгеден 6,8 трлн теңгеге жеткен.

Әкімдік инвестиция тарту, басталған жобаларды аяқтау, сондай-ақ Қонаев пен Алатау қалаларының инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.

Сонымен бірге электр желілері, сумен жабдықтау, жолдар бойынша нақты қандай шаралар қабылданатыны, сондай-ақ жаңа басшылық қандай жобаларды жеделдетуді жоспарлап отырғаны туралы сауалдарға тікелей жауап берілмеген.

Еске салайық, қазіргі уақытта өңірді Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысы Шыңғыс Арынов басқарады.

Похожие материалы