Фото ЖИ
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жасанды интеллект көптеген мамандықтың жұмысына қазірдің өзінде әсер ете бастады. Ведомствоның біздің сауалымызға берген жауабында 9,2 миллион жұмыспен қамтылған адамды қамтыған еңбек нарығына ауқымды талдау жүргізілгені айтылған.
2035 жылға қарай мынадай өзгерістер күтіледі:
1️⃣ 14 мамандық жойылады
Қазір бұл салаларда 49 мың адам еңбек етеді. Бұл жалпы еңбек нарығының 0,5%-ын құрайды. Бүгінде GPT секілді жүйелер құрылымдалған мәліметтерді әп-сәтте енгізіп, өңдей алады. AI-боттар адам қатысуынсыз қоңырауларға жауап береді. Қазақстан банктері мұндай технологияларды қазірдің өзінде қолдана бастады. Ал call-орталық қызметкерлері тек күрделі әрі стандарттан тыс мәселелермен айналысады.
2030 жылға қарай жасанды интеллект мәтін терушілерді, дерек енгізу операторларын, корректорларды, стенографистерді, call-орталық операторларын және осыған ұқсас мамандықтарды толық алмастыруы мүмкін.
2035 жылға қарай AI, роботтандыру және «заттар интернеті» технологияларының бірігуі нәтижесінде бақылаушы-обходчиктер, автоматтардан ақша жинаушылар, курьерлер, инкассатор жүргізушілері секілді кәсіптер еңбек нарығынан ығыстырылуы ықтимал.
2️⃣ 46 мамандық сақталады, бірақ қызметкерлер саны азаяды
Бұл санатқа 362 мың адам немесе еңбек нарығының 4%-ы кіреді. Оның ішінде 149 мыңға жуық кеңсе қызметкері бар.
Сарапшылар бұл салаларда жұмыс орындарының 40–55%-ға дейін қысқаратынын болжайды. Өйткені жасанды интеллект құжаттарды автоматты түрде дайындау, шаблон хаттар жазу, кездесулерді жоспарлау, еске салу және құжат айналымын жүргізу сияқты жұмыстарды өз мойнына алады. Ал мамандарға маңызды шешім қабылдау, байланыс орнату, нәтижені бақылау және ведомствоаралық үйлестіру міндеттері қалады.
3️⃣ 562 мамандық трансформацияланады
Бұл – 4 миллион адам немесе еңбек нарығының 44%-ы.
Яғни мамандықтар жойылмайды, бірақ олардың мазмұны өзгереді. Жасанды интеллект қайталанатын және күнделікті міндеттерді атқарады, ал қызметкерлер бақылау, талдау және күрделі шешім қабылдау жұмысына көшеді.
4️⃣ 656 мамандыққа AI әсер етпейді
Бұл салада 4,8 миллион адам жұмыс істейді. Яғни еңбек нарығының 52%-ы.
Физикалық қатысуды, қол еңбегін, адам сенімін, медициналық және заңдық жауапкершілікті талап ететін кәсіптер жасанды интеллект ықпалынан қорғалған. Сонымен қатар роботтандырудың қымбаттығы мен экономикалық тиімсіздігі де басты кедергілердің бірі болып отыр.
Дәрігерлер, мұғалімдер, әскери қызметкерлер, құрылысшылар, аспаздар, өрт сөндірушілер, күзетшілер мен қолөнершілерді AI толық алмастыра алмайды.
5️⃣ 33 жаңа мамандық пайда болады
Болжам бойынша, 2035 жылға қарай бұл салаларда шамамен 82 мың адам жұмыс істейді.
AI технологиялары кеңейген сайын IT мен экономиканың түрлі секторлары тоғысқан жаңа кәсіптер қалыптасады.
2028 жылға дейін:
— AI-дизайнерлер
— мемлекеттік басқарудағы AI мамандары
— AI қауіпсіздігі инженерлері
— медициналық деректер аналитиктері
2030 жылға дейін:
— деректер инженерлері
— AI-тренерлер
— роботтандырылған процестерді әзірлеушілер
— AI-контент продюсерлері
2035 жылға дейін:
— AI жүйелерінің аудиторлары
— AI-агенттер менеджерлері
— климаттық AI-аналитиктер
— тау-кен саласындағы AI мамандары пайда болуы мүмкін.





