Қазақстанда 20 жасында зейнетақы шотында 6,67 миллион теңгеден астам жинағы бар төрт адам тіркелген. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінде айтылған.
2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі (ЖМҚ) 20 жастағы азаматтар үшін 6,67 миллион теңге болып белгіленген. БЖЗҚ дерегіне сәйкес, елімізде осы сомадан асатын жинаққа қол жеткізген небәрі төрт адам бар.
Салыстырмалы түрде алғанда, 25 жастағы салымшылар арасында жеткіліктілік шегінен асқан 83 адам болса, 30 жастағылар арасында олардың саны 396-ға жетеді.
Ең көп жинақ иелері 40 жас санатында тіркелген. Бұл топта жеткіліктілік шегінен жоғары қаражат жинаған 1 382 адам бар.
Айта кетейік, жеткіліктілік шегі – азаматтың болашақта ең төменгі зейнетақы деңгейінен төмен төлем алмауы үшін шотында сақталуы тиіс ең төменгі сома. Осы межеден асқан қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалануға болады.





