Қазақстанда аэротакси бағасы аталды. Бір километрге шамамен бір доллар болуы мүмкін
Қазақстанда аэротакси қызметінің алдын ала бағасы айтылды. Alatau City Authority мемлекеттік қорының CEO-сы Әлішер Әбдіқадыровтың мәліметінше, мұндай көлік түрімен ұшу құны шамамен бір шақырымға бір доллар болуы мүмкін.
Аэротакси Алматыдағы көлік кептелісіне балама ретінде қарастырылып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қызмет әсіресе әуежайға немесе қала маңындағы бағыттарға жылдам жету үшін тиімді болуы ықтимал.
Алдын ала есеп бойынша, Алматы ішінде әуежайға дейінгі 15 шақырымдық жол шамамен 7 мың теңге болады. Ал Алматыдан Алатауға дейінгі 50 шақырымдық сапар шамамен 23 мың теңгеге түсуі мүмкін.
Жоба авторлары аэротаксидің басты артықшылығы — уақыт үнемдеу екенін айтады. Бірі кептелісте тұрған кезде, енді бірі діттеген жеріне әуе арқылы тез жетуі мүмкін.
Дегенмен қызмет құны әзірге нақты бекітілген жоқ. Шенеуніктердің айтуынша, уақыт өте келе нарықтағы бәсекелестік бағаның төмендеуіне әсер етуі мүмкін.
Әзірге көпшілікті бір сұрақ қызықтырады: аэротакси бағасы доллар бағамына тәуелді бола ма, әлде қолжетімді деңгейде қала ма?





