Редакция: +7 (701) 160 9439
Присоединяйтесь:

Елорданың су жүрегі: Астана су қоймасы қалай жұмыс істейді?

    Елорданың су жүрегі: Астана су қоймасы қалай жұмыс істейді?

Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астанадан 60 шақырым жерде елорданың тыныс-тіршілігі тікелей тәуелді стратегиялық нысан орналасқан. Астана су қоймасы қаланы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіп қана қоймай, көктемгі су тасқынынан да қорғайды.

Halyq Press редакциясы елорда маңындағы су жүйесінің жұмысымен танысты. Стратегиялық маңызына байланысты нысанға тек арнайы рұқсатпен ғана кіруге болады. Су қоймасы 1970 жылы Есіл өзенінің арнасында салынған.

" Су қоймасы Есіл өзені алабындағы көктемгі тасқын мен қар суының есебінен толады. Оның сыйымдылығы – 410 миллион текше метрге дейін. Бұл көлем елорданы сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ экологиялық мақсаттағы су жіберуге толық жеткілікті", – деді Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Жиналған су қаланың тұрмыстық қажеттіліктеріне, су тарту нысандарының жұмысына және жасыл желектерді суаруға пайдаланылады.

Редакция сондай-ақ Астананы қорғайтын бөгеттің контрреттегішін де көрді (үшінші суретте).

Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Серіковтің айтуынша, бұл нысан 2008–2010 жылдары сол кездегі бас жоспарға сәйкес салынған. Алайда қала аумағы мен тұрғындар санының өсуіне байланысты қазір оны жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

"Көктемгі су тасқыны кезінде келген артық суды осы жерде жинақтаймыз. Су қоймасы толық толған кезде оны транзиттік режимге ауыстырамыз. Есіл арқылы келетін су ағынын осында ұстап, елордаға түсетін жүктемені азайтамыз. Кейін су өзен арнасымен Астананы айналып өтіп, Ақмола облысы мен Солтүстік Қазақстанға қарай ағады. Сонымен қатар су қоры өзеннің жанама салаларынан келетін ағындармен толықтырылады. Осылайша өңірдің су ресурстары қалыптасады", – деп түсіндірді ол.

Қазіргі уақытта қорғаныс бөгеті 4 шақырымға ұзартылып, нығайтылып жатыр. Сонымен қатар апаттық су ағызу құрылысы салынуда.

Бұдан бөлек, Астана су қоймасын жаңғырту жобасы да әзірленіп жатыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Жобаның нақты құны мен жаңғырту жұмыстарының мерзімі әзірге белгісіз.

Похожие материалы