Общество
Экономика вице-министрі қазақстандықтарға неге әлі байып кетпегендерін түсіндірді
Бүгін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннен шенеуніктер жиі айтып жүрген экономикалық өсім қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына қашан әсер ететіні сұралды.
Жауап ретінде вице-министр жалақының өсуі үшін азаматтар өз біліктілігін арттырып, қосымша дағдыларды меңгеруі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, елімізде жалақысы жоғары салалар бар, ал кейбір салаларда қызметкерлердің табысын арттыруға бюджеттен басқа ешкім көмектесе алмайды.
Сондай-ақ ол шетелдік тәжірибені мысалға келтіріп, көптеген елдерде қызметкерлердің қосымша білім алып, жаңа дағдыларды, әсіресе цифрлық технологиялар саласындағы қабілеттерді игеру арқылы жоғары табысқа қол жеткізетінін атап өтті.
Сонымен бірге шенеунік еңбек өнімділігі артпайынша бизнестің жалақыны жай ғана көтере алмайтынын айтты.
«Өйткені жалақыны себепсіз көтеру өнімнің өзіндік құнын арттырады. Бизнес жалақыны жай ғана өсіре алмайды, себебі бұл шығындардың көбеюіне әкеледі, нәтижесінде кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі төмендеп, оның соңы жақсы болмайды», – деді Азамат Әмрин.





