Жолдың дәл ортасындағы жер телімі: Алматы облысында даулы мәселе тексерілуде
Фото: Instagram/@qumash
Алматы облысында жолдың бойында орналасқан жер теліміне қатысты даулы жағдайға мемлекеттік органдар назар аударды. Алатау қаласының әкімдігі Қоянқұс ауылында (қазіргі микроаудан) жалпыға ортақ пайдаланылатын жол аумағындағы жер теліміне байланысты тұрғындардың шағымына жауап берді.
Әкімдік мәліметінше, аталған жер телімінің бір бөлігі көше-жол желісінің аумағына кіріп тұр. Белгілі болғандай, бұл жер 2009 жылы Первомай ауылдық округінің сол кездегі әкімі тарапынан жеке меншікке берілген. Кейін 2023 жылы телім қазіргі иесіне сатылған.
Әлеуметтік желілерде тараған жарияланымдардан кейін сәулет және қала құрылысы бөлімі аталған аумақты тексеріп, қабылданған шешімдердің заңдылығын анықтау мақсатында жер қатынастары бөліміне ресми түрде жолдама жіберген.
Қазіргі уақытта уәкілетті орган жер телімінің берілуі мен пайдалану заңдылығын тексеріп жатыр.





