Адам өліміне әкелген қайғылы оқиғаға дейін заңбұзушылықтар анықталған: «Қазцинктегі» төтенше жағдай туралы не белгілі
Фото:ТЖМ
Мамыр айының басында адам өліміне әкелген қайғылы оқиға болған «Қазцинк» ЖШС-де апатқа дейін аз уақыт бұрын тексеріс жүргізілген. Бұл туралы редакцияның ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне және компанияның өзіне жолдаған сауалдарына берілген жауаптардан белгілі болды.
Белгілі болғандай, өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты соңғы тексеріс 6-24 сәуір аралығында, яғни қайғылы жағдайға дейін жүргізілген. Тексеру нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу деректері анықталып, кәсіпорынға оларды жою жөнінде нұсқама берілген. Сондай-ақ жалпы сомасы 200 АЕК-ке (865 мың теңге) әкімшілік айыппұл салынған.
«Қазіргі уақытта комиссия жүргізіп жатқан тергеу аясында оқиғаның барлық ықтимал себептері мен мән-жайы қарастырылуда. Оның ішінде өндірістік қауіпсіздік талаптарының, еңбек қауіпсіздігі мен технологиялық регламенттердің сақталмауы да бар. Оқиғаның нақты себептері тергеу қорытындысы бойынша белгілі болады», – деп мәлімдеді ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті.
Ал облыс әкімдігінің мәліметінше, ШҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің дерегіне сәйкес, «Қазцинк» ЖШС Өскемен металлургиялық алаңындағы жазатайым оқиғадан қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына келесі көмектер көрсетілуде:
– кәсіпорын жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру үшін әр отбасыға 3 млн теңгеден бөлген;
– кәсіподақ тарапынан 2 млн теңгеден көмек көрсетілген;
– кәсіпорын 2024-2028 жылдарға арналған ұжымдық шартқа сәйкес, марқұмдардың отбасыларына жылдық жалақының 10 еселенген мөлшерінде материалдық және моральдық өтемақы төлейді;
– қаза тапқан қызметкерлердің балаларының еліміздегі кез келген жоғары оқу орнында оқу ақысын төлеуді өз мойнына алады.
Бұдан бөлек, марқұмдардың отбасыларына ай сайынғы төлемдер тағайындалады. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ жазатайым оқиғаны арнайы тергеу аяқталғаннан кейін сақтандыру ұйымы тарапынан төлемдер жүргізіледі.
Зардап шеккен қызметкерлерге уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төленіп жатыр.
Компанияның өзінде оқиға орны әлі де қоршауда екенін мәлімдеді. Сонымен қатар металлургиялық кешен жұмысын жалғастырып жатыр, алайда қорғасын және мырыш зауыттарында өндірістік қуат уақытша төмендетілген.





